Астанада дәрі-дәрмектерді рецептісіз сатып алу бойынша «шұғыл желі» жұмыс істейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада дәрі-дәрмектерді рецептісіз сатып алу мәселелері бойынша «шұғыл желі» жұмыс істейді, онда азаматтар қажетті кеңестер алып, дәрілік заттарды дәрігер жазып берген рецептісіз заңсыз сату фактілері туралы мәлім ете алады, деп хабарлады astana.gov.kz.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті бұқаралық ақпарат құралдарында тек дәрігердің рецептісі бойынша босатуға ғана арналған дәрілік заттарды, оның ішінде антибиотиктер, гормоналдық және басқа да дәрі-дәрмектерді рецептісіз алуға болатыны туралы ақпаратты көрсетіп, жариялау жағдайлары жиілеп бара жатқанын хабарлайды.

Өзін-өзі емдеу және аталған дәрі-дәрмектерді асыра пайдалану, сондай-ақ медициналық емес мақсатта пайдаланудың салдары ауыр болатынын және өлімге әкеп соғатынын, ал оларды рецептісіз босату адамдардың дағдылануымен, нашақорлықпен және есірткіге тәуелділікпен аяқталатынын, дәрінің тиімділігі жоққа шығатынын және айтарлықтай жанама әсер ететінін ескеріп, бұл фактілерді болдырмау үшін медициналық қауымдастық пен халық бірлесе отырып, бар күшімізді салып жұмысты белсендіру қажет.

"Осыған байланысты дәріханада тек дәрігердің рецептісі бойынша ғана босатуға арналған дәрілік заттарды рецептісіз босату, сондай-ақ медициналық ұйымдардың дәрігерлері медициналық көрсетілімдер бойынша рецептуралық босатуға жататын дәрі-дәрмектерге рецепт жазып бермеу бөлігінде фармацевтикалық қызмет ережелерін бұзу фактілерін анықтаған жағдайда, мына байланыс телефондарына:

- 78-75-28,78-74-63 - сенім телефонына, www.dkkmfdastana.kz - Департамент сайтына;

- www.druginfo.kz ресми сайтына, «Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ РМК жанындағы Дәрілік ақпараттық-аналитикалық орталықтың 8 800 080 88 87 тегін Call-қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз", - делінген хабарламада.