Елордада «Үйдегі дәрігер» отбасылық дәрігерлік амбулаториялар жобасы іске асырылуда. Биыл тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында орналасқан үш амбулатория ашылды. Олардың барлығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылды. Бүгінде «үйдегі дәрігерлер» «Жағалау» жаңа шағын ауданында, А.Бараев көшесінің халық тығыз қоныстанған аумағында, «Сказочный мир» тұрғын үй кешенінде орналасқан.
«Жыл соңына дейін «Өндіріс», «Пригородный», «Оңтүстік-Шығыс», «Шұбар» шағын аудандарында дәл сондай дәрігерлік амбулаторияларды, сондай-ақ ЭКСПО аумағында медициналық кешенмен қоса 350 адам қабылдайтын емхананы ашу жоспарда бар. Бұл жеке инвестицияларды тартудың арқасында 1,5 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді», - делінген Астана қаласы Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының хабарламасында.
Айта кетейік, «Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының» деректеріне сәйкес, елорда халқының саны бүгінгі күні 1 083 192 адамға жетіп отыр.
Қалада 557 дәрігерлік учаске бар. Бір дәрігерге шаққанда тиетін орташа жүктеме 2 087 адамды құрайды. Осыған орай жыл соңына дейін 68 жалпы тәжірибелік дәрігерлік учаскені ашу көзделген. Бұл, әр учаскедегі адам санын 1700-ге жеткізуге мүмкіндік береді.