Күш аталарының бәсекесі Астана қаласы әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда өтеді. Жарыстың ашылу салтанаты сағат 15:00-де басталады. Қатысушыларды тіркеу сағат 13:00-де өтеді.
Сайыс барысында еліміздің әр өңірінен келген ең мықты спортшылар алты кезең бойынша өзара бақ сынап, күш-қайраты мен төзімділігін көрсетеді.
Атап айтқанда, қатысушылар фермер жүрісі, 200 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, салмағы 130 келі болатын бөренені желкеге салып отырып-тұру, 100 келілік тасты белгіленген қашықтыққа дейін көтеріп апару, қылыш көтеру және өгіз көтеру (муляж) секілді ерекше сайыс түрлерінде сынға түседі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін насихаттау, жастар арасында күштік спортты дамыту және салауатты өмір салтын дәріптеу.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырады.
Айта кетелік Астана күніне орай халықаралық көше қойылымдары фестивалі өтеді.