Астанада дәстүрлі Махамбет оқулары өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 17 қазанда елордадағы М. Өтемісов атындағы оқушылар сарайында «Махамбет - тарихи тұлға» атты Махамбет оқуларының қалалық байқауы өтеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтемемен ҚазАқпарат.

Конкурс XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың рухани көшбасшысы, қазақтың ұлы ақыны Махамбет Өтемісовке арналған.

Махамбет оқуларының қалалық байқауына 8-17 жастағы 100 бала қатысады. Басты кезеңге 60 мектептің ішінен 24 мектептің оқушылары өтті.

Биыл «Махамбет - тарихи тұлға» қалалық байқауы «Мен - Өтемістің баласы Махамбет атты батырмын», «Тартынбай сөйлер асылмын...» номинациялары бойынша өтеді.

2003 жылы астаналық оқушылар сарайына батыр бабамыз Махамбеттің есімі берілді. Оқушылар сарайы 13 жылдан бері Махамбет оқуларын ұйымдастырып келеді.