Астанада дәстүрлі Тілдер фестивалі басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада жыл сайынғы дәстүрлі Тілдер фестивалі басталды. Шараның мақсаты - мемлекеттік тілді ұлықтау, Қазақстанда өмір сүретін халықтардың тіліне назар аудару, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

«Биыл дәстүрлі тілдер фестивалі 16 рет өтетін болады. Осы шараны 5 қыркүйекке белгілеп отырмыз, себебі, бүгін қазақ тілі білімінің атасы, қазақ ұлтының ұстазы - Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Соған байланысты Ахаңның туған күніне, ісіміне, еңбегіне әдейі арнап, бүгінгі күнді таңдап отырмыз. Бүгін түстен кейін Астана ұлттық галереясында Қазақстан халқы тілдерінің XVI қалалық фестивалінің ашылуы салтанаты болады»,-деді Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов.

Фестиваль аясында қыркүйектің 19-ына дейін түрлі шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл тұрғыда «Үздік жарнама» байқауы, «Отан - отбасынан басталады» мерекелік іс-шарасы, Қазақстан Жазушылар одағының мерейтойына арналған жас ақындар мүшәйрасы, сондай-ақ Балуан Шолақтың 150 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш, «Кемел тілдің келешегі» атты жастар акциясы, «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» атты мемлекеттік қызметшілер арасында байқау қамтылған.

19 қыркүйекте «Жастар» сарайында тілдер фестивалінің салтанатты жабылуы өтеді. Шара барысында көрермендерге тіл туралы танымдық материалдар беріліп, фестивальдің қорытындысы шығарылады, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге белсене атсалысып жүрген азаматтар марапатталады.