Астанада Дельфий ойындары басталды

АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ТМД мемлекеттері қатысатын «Жастар энергиясы» VII ашық жастар Дельфий ойындары басталды.

«Дельфий ойындары тұңғыш рет бір елде екі мәрте өткізілуде. Ешбір ел Қазақстан секілді Дельфий ойындарын екі рет қабылдаған емес. Қазақстан өз жерінде 8 жыл қатарынан ұлттық Дельфий ойындарын ұйымдастырып келеді. Сондықтан біздің еліміз халықаралық деңгейде Дельфий ойндарына қатысып, онда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге, сонымен қатар ойындарды өз елімізде қабылдауға үлкен әлеуеті бар. Биыл 19 аталым бойынша 16 елден 800-ге тарта қатысушы келіп отыр», - дейді ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі комитеті төрағасының м.а. Нұрлан Өтешев.

10 мен 25 жас аралығындағы 800-ден астам қатысушы өнер саласының скрипка, фортепиано, халық әндері сияқты дәстүрлі түрлерінен бастап, веб-дизайн, ди-джей сияқты заманауи түрлеріне дейін өз өнерлерін көрсетіп, бақ сынайды. Әділ қазылар алқасының құрамында Италия, Молдова, Румыния, Ресей сияқты елдерден келген танымал музыканттар, бишілер, суретшілер бар. Қазіргі уақытта Астанада байқаулар мен көрмелер өтетін 11 павильон ұйымдастырылған.  

ТМД жастары арасындағы Дельфий ойындары салтанатты түрде елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында 28 қыркүйек күні аяқталады.