Астанада демалыс күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада 4 және 5 сәуір күндері кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады, деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңкеде жергілікті фермерлер мен Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген өндірушілердің өнімдері ұсынылады. Қала тұрғындары мен қонақтары көкөністер мен жеміс-жидектерді, ет, ұн және сүт өнімдерін, түрлі бәліштер мен тәтті тағамдарды, табиғи шырындарды, тосаптар мен джемдерді тиімді бағада сатып ала алады.

Іс-шара 4 және 5 сәуір күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін Алаш тасжолы, 35Б мекенжайында орналасқан «Keryen Joly» сауда орталығында өтеді.

Келушілерге қолайлы болуы үшін жәрмеңке өтетін орынға №7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 81, 307 және 317 бағыттағы автобустар қатынайды.

Айта кетейік, елорда тұрғындары мен қонақтары «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылатын «Esil RUN» жазғы жүгіру маусымының ашылуына шақырылады.