Астанада «Демалыс» рейдтік іс-шарасы өткізіліп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - 7-8 қаңтарда елордада кәмелетке толмағандардың істері бойынша мектеп инспекторлары учаскелік инспекторлармен бірлесіп түнгі уақытта (сағат 22.00 - 06.00) жастар көп жиналатын жерлерде рейдтік іс-шаралар өткізуде, деп хабарлады astana.gov.kz.

Іс-шараның мақсаты - кәмелетке толмаған балалардың үйден тыс жерлерде және көңіл көтеретін мекемелерде жүруіне жол бермеу болып табылады.

Сонымен қатар, полицейлер 21 жасқа толмаған тұлғаларға алкогольдік өнімдерді және 18 жасқа толмағандарға темекі өнімдерін сату бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуға жол бермеуге баса назар аударады. Рейдтік іс-шаралар, сонымен қатар, өзге өңірлерден жалғыз келген қараусыз және бақылаусыз жүрген балаларды және балаларды еңбекке тарту жағдайларын анықтауға бағытталған.

Астана қаласының ІІД ӘПБ ювеналды полиция бастығы, полиция майоры Азамат Садықовтың айтуынша, «Каникул» жедел алдын алу іс-шарасы барысында бірінші күні кәмелетке толмаған 20 бала ішкі істер органдарындарына, соның ішінде 14-і әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны (тыйым салынған жерлерде темекі шегу, түнгі уақытта заңды өкілдерсіз далада жүру) үшін жеткізілді. Қараусыз жүрген 5 бала Бейімдеу орталығына жіберілді.

Астана қаласының ІІД ӘПБ мәліметінше, 2014 жылы кәмелетке толмаған азаматтардың 2 мыңнан астам заңды өкілі бала тәрбиелеу бойыынша өзінің міндеттерін орындамағаны, түнгі уақытта балалардың заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерлерде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, өткен жылы жоғарыда аталған заңнама талаптарын бұзғаны үшін 60-тан астам сатушы мен сауда орындарының иесіне 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.