Дәстүр бойынша қазақстандық спортшы және әлемдік мәнерлеп сырғанау жұлдызы елорда қонақтарына ерекше жоба ұсынады. Ол өзінің авторлық бағдарламасын канадалық режиссер-қоюшы Шей-Линн Бурнмен бірге әзірлеп жатыр. Оған Қазақстанның эстрада-симфониялық оркестрі музыкалық сүйемелеу жасайды. Шоу бір уақытта 11,5 мың адам сиятын «Барыс-Арена» мұз сарайында өтеді.
Денис Теннің мұз үстіндегі шоуы бес жыл бұрын шығарылған. Бұл жылдары мәнерлеп сырғанаушының кешіне он мыңдаған қазақстандық жиналған еді. 2014 жылы Денис Теннің шоуы үшін Жапониядан 500 турист келген болатын. Оларға кештің ұнағаны соншалық, жоба туралы арнайы деректі фильм түсірді. Сондай-ақ, Күншығыс елі шоудың телевизиялық трансляциясы құқығын сатып алуға ниет білдірді.
«2016 жылдан бері жобаны уақытша тоқтатқан едік. Екі жылда көптеген жаңа идеялар пайда болды. Оларды әдеттегідей сапалы және көз тоймайтындай көрікті етіп ұсынамыз», - дейді Денис Тен.
Шараға қатысатын әлемдік мәнерлеп сырғанаушыларды ұйымдастырушылар құпия ұстап отыр.
«Денис Тен және оның достары» шоуына билеттер жақын арада сатылымға түседі.