Акция шеңберінде Астана қаласындағы №22 орта мектепте волейболдан «Алтын доп» біріншілігі өткізілді. Турнирге өзге командалармен қоса, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлерінен құралған, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов жетекшілік еткен команда да қатысты.
Жарыс қорытындысында Денсаулық сақтау министрлігінің командасы екінші орынға ие болды.
Бұл біріншілік еліміздің мақтанышына айналған Олимпиада ойындарының жеңімпаздары құрметіне арналды.
Сонымен қатар, акция аясында өскелең ұрпақ арасында дене шынықтыру белсенділігі, спортпен айналысу, дұрыс тамақтану сияқты денсаулық мәдениетін қалыптастыру бойынша мектеп оқушыларымен әңгіме жүргізілді.
«Денсаулық аптасы» акциясы бүгін «Ұлттық спорт және үстелүсті ойындары күні», ал ертең 8 қыркүйек - «Спорттық отбасы және салауатты педагогикалық ұжым күні» тақырыптарымен өтеді.