Астанада депутат Камал Бұрхановтың монографиясы таныстырылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық трактатындағы Қазақстан мемлекеттілігінің теориясы мен практикасы» атты дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор Камал Бұрхановтың жаңа монографиясының тұсаукесері болды.

«Тарих толқынында» мемлекеттік ғылыми мақсатты бағдарламаның аясында жазылған «Н.Назарбаевтың еуразиялық саяси философиясы: Қазақстан дамуының негізі» атты монография Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың еуразиялық экономикалық одақ құрудағы саяси философиясы жайлы баяндайды.

«Бұл кітапты жазудағы мақсатым - Елбасы Н.Назарбаевтың еуразиялық саяси философиясын халыққа түсіндіру, оны жан-жақты талдау. Себебі, Президенттің еуразиялық экономикалық одаққа қатысты ойы тек бүгін шыққан құбылыс емес. Елбасы терең тарихты, халықымыздың дүниетанымы мен дәстүрін біліп отыр, осы ауқымда болып жатқан тарихи процестерді де жақсы түсініп отыр. Міне, монографияның мазмұны - еуразиялық саяси философиясының түп-тамырын түсіндіру, оның негізгі қағидаттарына талдау жасау. Яғни, халық алып-қашпа әңгімеге сеніп, адаспауы үшін Еуразиялық экономикалық одақтан қорқыныш жоқ екенін түсіндіру», - дейді монография авторы К.Бұрханов. Автордың айтуынша, монография түрлі жастағы оқырмандарға, мектеп оқушысынан бастап қарапайым оқырманға арнап жазылған. «Әсіресе, бұл еңбекті мемлекеттік қызметкерлер мен Еуразиялық экономикалық одаққа кірген мемлекеттердің азаматтары оқыса екен деймін», - дейді автор.