«Теміржол машина құрылысын одан әрі дамыту бағдарламасының аясында зауыт американың General Electric компаниясына тиесілі технология бойынша шығатын Evolution сериялы локомотивтерге арналған 12 цилиндрлі дизель қозғалтқыштарына жоғары сапалы қызмет көрсетеді және оларды күрделі жөндеуден өткізеді, сондай-ақ, осы қозғалтқыштарды құрастырады»,-дей келе, «Жаңа және импортты алмастыру өндірісін дамыту орталығы» ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының директоры Вадим Шақшақбаев Мемлекет басшысының алдында зауытты іске қосуға рұқсат сұрады.
Оның айтуынша, зауыт қызметкерлері АҚШ-тағы General Electric компаниясының кәсіпорындарында оқудан өткен. Бұл заманауи зауыт - еліміз бойынша осындай қозғалтқыштар шығаратын алғашқы зауыт.
«Бұл - Қазақстан үшін жап-жаңа инновациялық өнім болып саналады. Мен Нью-Йоркте General Electric компаниясының өкілімен кездескен болатынмын. Қазір, осы жерде де (Тәуелсіздік сарайында) осы компанияның өзге өкілі отырғанынан хабардармын. Сондықтан, Қазақстан үшін өте маңызды әрі техникалық инновациялық жобаның іске қосылғанына қуаныштымыз»,-дей келе Мемлекет басшысы зауыттың іске қосылуына рұқсат берді.