Астанада Домбыра күніне орай мультимедиалық шоу өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — 5 шілде елордада Ұлттық домбыра күні және Астана күні аясында жаңа форматтағы мультимедиалық қойылым өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Мәдени іс-шара домбыра өнерінің тарихи маңызын кеңінен танытуға, ұлттық аспаптар арқылы ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және қазақ мәдениетінің заманауи сахналық форматтағы көркем көрінісін ұсынуға бағытталған.

Тарихи аңыздың көркемдік желісі музыка, би, бейнепроекция және заманауи сахналық технологиялар арқылы ұсынылады. Мультимедиалық қойылымның мақсаты – ұлттық өнердің уақытпен бірге жаңарып, жаңа көркемдік кеңістікке шыққанын көрсету.

Сонымен қатар, сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін елордалық амфитеатр аумағында мәдени бағдарлама аясында балаларға арналған бірқатар тақырыптық алаң жұмыс істейді.

Домбыра және жетіген алаңы: балаларға домбыра мен жетігенде ойнаудың бастапқы дағдылары үйретіліп, ұлттық аспаптардың ерекшелігі таныстырылады.

Ұлттық аспаптар жасау алаңы: қазақ музыкалық аспаптарын жасау бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі.

Шығармашылық алаң: балаларға арналған сурет салу сабақтары мен шығармашылық шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Ашық аспан астындағы кино көрсетілімі: мәдени іс-шара аясында көрермендерге ашық аспан астында кино көрсетіледі.

Сондай-ақ, сағат 20:00-де амфитеатрда концерттік бағдарлама басталады.

Бұдан бұрын домбыраны харам деген ақтөбелік бас бостандығынан айырылғанын жазғанбыз.