Астанада дөңгелек ауыстырып жатқан автобус жүргізушісі көз жұмды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада қалалық жолаушылар автобусының жүргізушісі көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Астана LRT» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«18 сәуірде сағат 08:30 кезінде Hyundai County маркалы №120 бағдардағы автобустың алдыңғы дөңгелегін ауыстыру кезінде көлік құралының жүргізушісі қайтыс болды. Оқиға «Шанхай» базары бағытында Бөгенбай батыр даңғылындағы «Бейбітшілік» аялдамасында болды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар аталған компанияның мәліметінше, жүргізушінің не себепті көз жұмғаны әзірге белгісіз. Ол медициналық тексеруден өтіп, жұмысқа жіберілген екен. Жолаушылар көлігіндегі оның жалпы еңбек өтілі 10 жылдан асқан.