Сонан ойын-сауық мекемесінің қызметкерлері дереу дабыл қағып, ақхалаттылардың көмегіне жүгінеді.
«ҚР Президенті іс басқармасы» медициналық орталығы ауруханасының эндоскопист-дәрігерлері жедел оқиға орнына барып, дельфин ағзасын зерттеп, 20 минут ішінде оның асқазанын тазартып берген. Осылайша олар алғаш рет ветеринар әріптестерінің қызметін абыроймен атқарып, ерлік жасады.
Айта кетейік, шағын операцияға 4 дәрігер мен 2 мейірбике қатысты.
«Біз тез арада эндоскопиялық аппаратымызбен Арсен Түсіпбаев басқарған топпен, ол эндоскоппен асқазанына кірді, ішінде бөгде затты анықтадық. Эндоскопиялық шипцымен алуға тырыстық, бірақ мүмкін болмады. Өйткені тайғанақ, сырғанақ болды. Содан кейін қолымызбен алуға тырыстық», - дейді ҚР Президенті іс басқармасының медициналық орталығы ауруханасының дәрігері Жеңісбек Тыңкөзиев.
«Біз жедел көмек көрсеткен дәрігерлерге алғысымызды білдіреміз. Жаттықтырушыларымыздың күнделікті кезекшілігіне қарамастан, әлі қылығы басыла қоймаған кіші дельфиндеріміздің бірі допты тісімен жарып, бір бөлігін жұтып қойды. Бірден білікті эндоскопист мамандардың көмегіне жүгіндік», - деді делфинарий жетекшісі Ләззат Тұрсынбаева.
Қазір Дэйсон атты 2 жасар дельфиннің жағдайы жақсы. Мұны хауыздағы оның еркін жүзуі мен белсенділігінен аңғаруға болады. «Бұдан былай доппен болатын жаттығулар мұқият орындалады», -дейді дельфинарий қызметкерлері.