Осымен 5-і мәрте ұйымдастырылған фестивальде 20-дан астам этномәдени бірлестіктің шығармашылық жастар ұйымдары өз салт-дәстүрлері мен өнерлерін көрсетті. Ондағы мақсат- жастар арасындағы этносаралық ынтымақтастықты дамыту мен олардың шығармашылық қабілеттерін арттыру.
«Жыл бойы қала әкімдігінің ұйымдастыруымен жастарға бағытталған көптеген іс-шаралар өтуде, сол шараларға қаламыздағы 20-дан астам этномәдени бірлестіктің жастары да белсене қатысуда. Бүгінгі фестиваль сол жыл бойы болған барлық іс-шараларды қорытындылайтын гала-концерт десекте болады. Және еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің ырыс ынтымағы мен берік достығының белгісі», - деді Астана Қоғамдық даму істері басқармасының Жастармен жұмыс бөлім басшысы Бақытжан Жүнісбеков.
Оның айтуынша, Елорда жастарына арналған шаралар бұнымен бітпейді жыл соңына дейін «Елорда дарыны» сыйлығы, Астана жастарының күзгі балы және вайнерлер фестивалі өтеді.
Сонымен қатар, Б.Жүнісбеков 2019 жылы жастар жылы деп аталып өтетіндіктен, оған Астана жастарының белсене атсалысатынын айта келе: «Өздеріңіз білетіндей күні кеше Астана жастарының «Jastar jalyny» форумы өтті, аталған шараға 1000-ға жуық жастар қатысып, онда арнайы шақырылған қонақтар үлгі болар, өмірлік сабақ алуға тұрарлық дәрістерімен бөлісті. Форумның нәтижесінде бізге көптеген ұсыныстар мен жобалар келіп түсті, енді сол бастамаларды жинақтап келесі жастар жылына орай ауқымды бағдарламалар мен шаралар кешенін дайындайтын боламыз», - деді ол.
Айта кетсек, кеше Астанада қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Jastar jalyny» форумы өтті онда 5 бағыт бойынша, 20-ға жуық спикер өз жетістіктерімен бөліскен болатын.
Қаланың студент жастары мен этномәдени бірлестіктерінің көшбасшылары қатысқан фестиваль аясында, жылдық жұмыс қорытындысы бойынша үздік этномәдени бірлестіктер естелік сыйлықтармен марапатталды.