Астанада Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған жиын өтті

АСТАНА. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін - Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Осыған орай ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде осынау атаулы күнге арналған жиын өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қазақстандықтарды және эколог мамандарды бүгінгі мерекемен құттықтаған министр Нұрғали Әшімов айтулы күннің тарихына қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін 1972 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен. Әлем жұртшылығы жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтеді. Мұндай дүниежүзілік акцияға 1971 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына келіп түскен өтініш себеп болған. Әлемнің 23 елінен 2 мың 200 ғылым мен мәдениет қайраткері қол қойған өтініште қоршаған ортаның ластануына байланысты адамзаттың өміріне үлкен қауіп төніп тұрғандығы ескертілген. Тап осыдан кейін бір жылдан соң Стокгольмде Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау конференциясы өтті. Келелі кеңесте әлемнің 113 мемлекетінің өкілдері бас қосты. Сол конференцияға қатысушылар жыл сайын маусымның 5-ін - Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні ретінде мерекелеу жөнінде шешім қабылдады», деді министр. Оның айтуынша, қазіргі таңда қоғам, экономика және экология мүдделерінің арасындағы тепе-теңдіктің болмауы біздің өміріміздің өзге де жақтарына зардабын тигізіп отыр. «Соңғы жылдары климаттың өзгеру үдерісіне қарап, табиғат адамзатты жазалап жатыр ма? деген ойға қаласың. Бүгінде адамзат алдында экологияға қатысты ең маңызды деген үш мәселе тұр. Олар - ауа, су мен энергияны пайдалану. Баршаға мәлім, Елбасы 1990 жылдардың басында мемлекетіміздің алдына осы ресурстарды тиімді пайдалану мен экологиялық таза технологияларды енгізу міндетін қойған болатын. Содан бергі кезеңдегі экономикамыздағы жетістіктер қоршаған ортаны қорғау саласында атқарған жұмыстардың жемісті болуына әсерін тигізді. Оның үстіне қоршаған ортаны қорғау саласының қызметі заңнамалық тұрғыдан да жақсы қамтамасыз етілді. Депутаттық корпустың атқарған ауқымды жұмыстарының арқасында халықаралық стандарттарға сай Экологиялық кодекс қабылданды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бастамашы болған орнықты дамуға көшу тұжырымдамасы мақұлданды», - деді Н.Әшімов. Жиынға Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Ерлан Нығматулин мен ?Табиғат? экологиялық одағының төрағасы Мелс Елеусізов қатысып, министрлік өкілдерін бүгінгі мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ министрлікке алғаш рет қызметке алынған жас мамандар ант қабылдады.