- Аталмыш шараның басты мақсаты әлемдік қауымдастықтың, экологтардың назарын қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудару болып табылады. Біз болашақ ұрпаққа тұмса табиғатты бұзылмаған күйінде жеткізуіміз керек. Елорда тұрғындары, барша қазақстандықтар және әлем халықтары мұндай шараларға белсене атсалысуы тиіс деп санаймын, - деді ҚР Энергетика министрінің орынбасары Талғат Ахсамбиев. Сонымен қатар бүгін ҚР Энергетика министрлігінің, Астана қаласының Экология департаменті, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері және еріктілер Қарасу өзенінің арнасын тазарту бойынша санитарлық жұмыстар жүргізді. Жалпы, шараға 500-ге жуық адам қатысып, елорданы көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні аясында Астанада «Гүлденген қала - болашақ ұрпаққа аманат» акциясы өткізілмек. Шара шеңберінде қаланы абаттандыру, санитарлық тазарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылады. Еске сала кетейік, Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен 1972 жылы бекітілген.
15:28, 05 Маусым 2015
Астанада Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай 100-ден астам көшет отырғызылды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай дәстүрлі экологиялық акция өткізілді. Акция аясында Қабанбай батыр даңғылының бойында ҚР Энергетика министрлігінің және елорда әкімдігінің өкілдері 100-ден астам көшет отырғызды, деп хабарлайды astana.kz.