Астанада дзюдодан әлемдік Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі өтеді

Фото: Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада 9 мамыр күні дзюдодан әлемдік рейтингілік Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі басталады. 

Үш күнге созылатын байрақты доданы еліміз биыл үшінші рет ұйымдастырғалы отыр. 

Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, әлемнің кіл мықтыларын жинайтын бұл бәсеке Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. 

Аталмыш жарыс нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингілерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін – 1 мың, күміс жүлдегерге – 700, ал қола медаль алғанға 500 ұпай есептеледі. 

Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақты келісімшартына сәйкес Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2026 жылға дейін қабылдайды. 

Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік жарысы Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Жарыс бағдарламасы:

9 мамыр

Әйелдер: -48 кг, -52 кг, -57 кг.

Ерлер: -60 кг, -66 кг.

10 мамыр

Әйелдер: -63 кг, -70 кг.

Ерлер: -73 кг, -81 кг.

11 мамыр

Әйелдер: -78 кг, +78 кг.

Ерлер: -90 кг, -100 кг, +100 кг.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мөлдір Жаңбырбайдың каратэден Мысырдағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған едік.