«Еркіндік» атты ерекше көрмеде 1968-2009 жылдары пайда боғлан 15 өнер туындысы көрермендер назарына ұсынылады. Мұражай коллекциясынан экспозицияға 2007 және 2004 жылдары сатып алынған «Неке» (1979) және «Таңсәрі» (2003) мүсіндері, ал автордың жеке жинағынан «Шеңбер» (1968), «Махамбет» (1973), «Кеш» (1973), «Жамал» (1975), «Бала жылы» (1979), «Екеуі» («Даладағы талтүс») (1985), «Екеуі. Қозы-Көрпеш пен Баян Сұлу» (1985), «Неке - 11» (1985), «Қуаныш» (2002) және «Ағаш дауысы» (2009) еңбектері қойылады.
Айта кетейік, көрме атауы суретшінің шығармашылығының эпиграфы іспетті. «Еркіндік» - бұл ұстаным, суретшінің шығармашылық және азаматтық позициясын, дәстүрлі тақырыптардың қатаң шегіне сыймайтын өнердің мән-мағынасын анықтайтын ой-пікірін жеткізуі. Мергенов Қазақстанның бейнелеу өнерінің тарихы мен дамуында үлкен із қалдырған алпысыншы жылдардағы дарынды суретшілердің бірі. Орталық Азияда танымал суретші, «қазақ модернизмінің классигі, максималист», профессор, педагог, Қазақ КСР еңбек сіңірген қайраткері (1981), Қазақстанның халық суретшісі (1991), «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты (2002), Халықаралық суретшілер конфедерациясының тұрақты мүшесі (Ресей), көптеген мақалалар мен жарияланымдардың авторы, қоғам қайраткері.
Еске салайық, «Еркіндік» көрмесінің вернисажы 27 ақпанда сағат 18.30-да Қазіргі заманғы өнер мұражайында өтеді.