Астанада ЕАЭО елдері үкімет басшыларының отырысы өтіп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үкімет басшыларының қатысуымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырысқа Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев пен оның бірінші орынбасары Игорь Шувалов,  Армения Республикасының Премьер-Министрі Карен Карапетян мен орынбасары Ваче Габриелян, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Андрей Кобяков мен оның бірінші орынбасары Василий Матюшевский, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Сооронбай Жээнбеков мен оның орынбасары Олег Панкратов қатысуда.

Белгілі болғандай, отырыс барысында ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібінің негізгі бағыттарының дайындығына назар аударылып, тауарлардың бақылануы тетіктері, электр энергетикасында сауда алаңдарын пайдалану мәселелері талқыланады.

Сонымен қатар үкіметаралық кеңес отырысы барысында Еуразиялық экономикалық комиссияның баяндамасы тыңдалады деп күтілуде. Осы орайда ЕАЭО мен Иран мемлекеті арасында еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді бекіту бойынша келіссөздердің барысы жайында мәлімет беріледі. Алдағы уақытта Иранмен құжатқа қол қою өзара тиімді жағдайларда өндірушілерге келісім аумағы елдерінің тауарлар нарығына шығуды қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерінің жұмысшыларын зейнетақылық қамтамасыз ету туралы келісімнің жобасын уағдаласу барысы жайында комиссияның ақпараты баяндалады.

Жоба авторларының айтуынша, аталған құжат зейнеткерлік қамту саласында тең құқықты қамтамасыз етуге бағытталған. Келісім күшіне енгеннен кейін, ЕАЭО-ның кез келген елінде (ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағында жұмыс істеу барысында) еңбек өтілі мен зейнетақаны жолғалтпастан, жұмыс істеу мүмкіндігі іске асырылады.

Сонымен қатар отырысқа арналған күн тәртібінің маңызды бөлігінің бірінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бірінде берілген ұлттық әрі халықаралық жүргізушілік куәліктерді өзара мойындау мәселесі қаралды. Яғни, бұл қадам одақтың басқа елінің аумағынан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру бағытында маңызды болып отыр.

Мұнымен қоса, Қазақстан тарапының бастамасы бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экспорттаушыларының РФ теңіз порттары инфрақұрылымы қызметіне қолжетімдігі туралы мәселе қарастырылды.

2018-2020 жылдарға арналған әуе көлігі бөлігінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уағдаласқан көліктік саясатының негізгі бағыттары мен кезеңдерін жүзеге асыру бойынша шаралар жоспары бекітіледі деп болжануда. Бұл өз кезегінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында әуе көлігінің ортақ нарығын құруға мүмкіндік беретін шараларды іске асыруды қарастырады.