Астанада екі мыңнан аса қызметкер мен мыңға жуық техника қар күрейді

Астанада коммуналдық қызметтер қыс мезгілінің басталуымен және қардың мол жаууына байланысты тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды Kazinform елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Фото: Астана қаласының әкімдігі

6 желтоқсан күні таңертең қала көшелерінің қарын күреуге 2 000-нан астам қызметкер мен 1 000-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды. 

Ең алдымен, орталық көшелер, жолаушылар көлігі жиі қатынайтын орындар, аялдамалар мен тротуарлар тазаланады. 

Естеріңізге сала кетейік, «Қазгидромет» РМК болжамы бойынша, Астанада 6 желтоқсан күні қарлы боран, көктайғақ болады. Жел солтүстік-батыстан соғады, екпіні 15-20 м/с, кейде 23 м/с. 

Қалада жабдықталған бірнеше қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін санау жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.