Астанада екі күнде бұрын-соңды жасалған 12 қылмыс ашылып, іздеудегі 9 қылмыскер ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі күнге созылған "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу шарасы кезінде астаналық ІІД қызметкерлері бұрын-соңды жасалған 12 қылмысты ашты. Іздеуде жүрген 9 қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасына келу ережесін бұзғаны үшін 105 шетел азаматы құрықталып, оның 34-і Астана қаласының ІІД қабылдап-тарату орнына орналастырылды.

Астана қаласының ІІД Әкімшілік полиция басқармасының полиция полковнигі Игорь Горбуновтың айтуынша, елордалық полицейлер 2 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 800-ден астам факті қоғамдық орындарда алкогольді ішімдікті ішу, 203-і абаттандыру ережесін бұзу, 177-і факті азаматтардың ұсақ бұзақылық жасауы болса, 67 жасөспірім түнгі уақытта үйлерінен тыс орындарда заңды өкілдерінсіз табылған.

18 наурызға қараған түні бейтаныс азаматтар "Мерседес" көлігін үй ауласынан айдап кетіп, жәбірленушіге 650 мың теңге көлемінде материалдық залал келтірді. Дәл сол күні жедел алдын алу шарасының барысында жол-патрульдік және криминалды полиция қызметкерлері екі күдіктіні құрықтады. Ұрланған автокөлік иесіне қайтарылды. Аталмыш факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Жол қозғалысын бақылау барысында жол-патрульдік полиция қызметкерлері 300 жылдамдық режімінің бұзышылығына тосқауыл қойса, 276 жүргізуші көлікті қауіпсіздік белбеуін тақпай басқарғаны үшін, 185-і ұялы телефонмен сөйлескені үшін, 16 жүргізуші көлікті алкогольдік ішімдік ішкен күйде басқарғаны үшін құрықталғаны жөнінде айтты.

Естеріңізге салсақ, "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу іс-шарасы қоғамдық орындар мен көшелердегі құқық бұзушылықтардың жолын кесу және елордада тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында 17-19 наурыз аралығында Наурыз мейрамы қарсаңында жүргізілді.