Астанада екі жастың таныстығы спайкингпен аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада екі жастың таныстығы спайкингпен аяқталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полицияға жас қыз арызданып, сырттай таныс адамның кофеге есірткі затын араластырып бергенін айтқан. Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында қыздың әлеуметтік желі арқылы жігітпен танысқаны анықталды.

Жастар виртуалды таныстығын кездесумен жалғаған. Кофе ішуге барған қыздың есінде ары қарай болған оқиға қалмаған. Тәртіп сақшылары қаланың 33 жастағы тұрғынын ұстады. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Барлық қажетті сараптама тағайындалды.

«Бейтаныс адамдармен кездескенде достарыңыз немесе туыстарыңыз сіздің кіммен, қайда және қанша уақыт сонда болатыныңызды білетініне көз жеткізіңіз. Өзіңізге және жақындарыңызға сақ болыңыз», - деді полициядан.