Астанада екі жігіт автокөлік көпірінің доғалына өрмелеп шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың көрінісін тамашалау үшін автокөлік көпірінің аркасына мініп алған екі астаналыққа 42 420 теңгеге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2016 жылдың 3 қазанында сағат 20:30 кезінде Астана қаласы ІІД жедел басқару орталығының «102» пультіне белгісіз екі адам Қабанбай батыр даңғылы бойындағы автокөлік көпірінің доғалына өрмелеп шыққандығы туралы ақпарат келіп түсті. Аталған факті бойынша оқиға орнына департаменттің жергілікті полиция қызметінің шолғыншылары жіберіліп, сол жерден 1988 және 1995 жылы туған екі қала тұрғыны ұсталды. Олар бұл әрекетіне жауап беру кезінде көпір доғалына шаһардың көрінісін биіктен тамашалау үшін шыққанын айтты»,-деп хабарланды қалалық ІІД баспасөз қызметінен.

Жігіттердің бұл әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде бағаланды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік материалдар толтырылды.

Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 28 және 21 жастағы екі тұрғынға қатысты әрқайсысына 10 АЕК (21210 теңге) көлемінде айппұл салу шешімін шығарды.