Астанада екінші әуежай салынуы мүмкін бе — Әкім жауабы

Фото: Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайы

АСТАНА. KAZINFORM — Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордада екінші әуежай салынуы мүмкін деген қауесет жөнінде пікір білдірді.

— Бұл қауесет. Алайда болашақта қосымша әуежай салу қажет болған жағдайда, Бас жоспарда бірнеше учаске қарастырылған, — деді Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Әкімнің айтуынша, кез келген астана белгілі бір кезеңде екінші, тіпті одан да көп әуежайлардың қажеттілігіне тап болады.

— Қазіргі уақытта біз қолданыстағы әуежайдың мүмкіндіктерін пайдалану бағытында жұмыс істейміз. Оның қуатын екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Бірақ келешекте оның теміржол желілерінен алыс орналасуын ескерсек, мұндай жоспарлар пайда болуы мүмкін, — деді Ж. Қасымбек.

Бұған дейін Жеңіс Қасымбек Кіші Талдыкөлдегі экопарк құрылысының не себепті биыл басталмағанын түсіндірген еді.