Дәстүрлі байқаудың мақсаты - оқушыларға алған білімдерін күнделікті өмірде пайдалануларына жағдай жасау және олардың ынталарын арттыру, адамдардың назарын экологиялық жүйелер мен адам денсаулығын сақтауға, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарап оны ұтымды пайдалануға аударту.
ҚР Білім және ғылым министрлігінен мәлім еткендей, байқауға қатысушылардың саны жыл санап артып келеді. Мәселен 2007 жылы қазылар алқасының қарауына 52 жоба түскен болса, 2008 жылы - 61, 2009 жылы - 104, 2010 жылы - 205 жоба қабылданған.
Қатысушылар өз өңірлеріндегі экологиялық проблемаларды жіті зерделеп, зерттейді. Кейін қалыптасқан жағдайды жою және одан шығудың нақты жолдары ұсынылған бизнес-жобалар жасайды.
Қазылар алқасы қызығушылық танытқан жобалардың арасында - «Денсаулықтың алма ағашы», «Абайлаңыз, қоқыс!», «Бүлдіршіндерге арналған ертегі қалашық», «Менің экодромым», «Менің үйімдегі су» және тағы басқалары бар.
«Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен республиканың 11 өңірінен қатысқан 18 мектеп ұжымы өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алатын болады.
Байқауды «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Жастардың жетістіктері» баламалы білім беру орталығы ұйымдастырды.