Астанада экологиялық стандартқа сай емес жүк көліктерін елге заңсыз әкелген қылмыстық топ әшкереленді

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Астана қаласы бойынша департаменті Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін автокөлік құралдарын ел аумағына заңсыз импорттау фактісі бойынша жүргізілген тергеу амалдарын аяқтады. 

Фото: ҚазАвтоЖол

Тергеу барысында бір топ тұлғаның өз бақылауындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер (ЖШС) арқылы Қазақстанға «Евро-2» экологиялық класына жататын FAW маркалы жүк көліктерін заңсыз әкелуді ұйымдастырғаны анықталды. Бұл әрекеттер елде «Евро-4» стандартынан төмен техниканы импорттауға заңмен тыйым салынғанына қарамастан жасалған.

Арнайы техника Қытай Халық Республикасынан сыртқы экономикалық келісімшарттар негізінде жеткізіліп, кедендік рәсімдеуден өткізу кезінде жалған мәліметтер пайдаланылған. Күдіктілер көлік құралдарының қауіпсіздік сертификаттарын (СБКТС) қолдан жасап, құжаттарға ауыр жүк көліктерінің экологиялық класы жоғары «Евро-5» стандартына сай деген жалған ақпарат енгізген.

Осы қылмыстық схеманың нәтижесінде Қазақстанға жалпы кедендік құны 284 миллион теңгеден асатын 20 бірлік арнайы техника заңсыз кіргізілген. Кейіннен бұл көліктер өзара байланысы бар компаниялар желісі арқылы қайта сатылып, мемлекеттік сатып алу келісімшарттары аясында мекемелерге 600 миллион теңгеден астам сомаға жеткізілген.

Қазіргі таңда сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі 9 автокөлік пен бір пәтер хатталды. Кылмыстық топтың бір мүшесі қамауға алынды, ал оның екі сыбайласына қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайды.

Айта кету керек, экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін техникаларды пайдалану қоршаған ортаға елеулі нұқсан келтіреді. «Евро-2» класындағы жүк көліктері заманауи «Евро-4» және «Евро-5» стандарттарымен салыстырғанда атмосфераға зиянды заттарды еселеп көп бөледі, бұл ауа сапасының нашарлауына және тұрғындар денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.

Осыған дейін Көлік министрлігі Астанада жүк көліктеріне бақылауды күшейткенін жазған едік.