Фестиваль елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған. Іс-шара аясында экологиялық бастамалар, қоғамдық диалог алаңдары, танымдық көрмелер мен мәдени бағдарлама бір арнаға тоғысады.
Фестиваль аясында кологиялық макеттер мен өнертабыстар көрме-байқауы ұйымдастырылады. Қатысушылар экологиялық жобаларын, робот үлгілерін, «жасыл қала» макеттерін, су мен ауаны тазарту жүйелерін және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған өзге де әзірлемелерін таныстырады.
Сол сияқты экомаркет пен экологиялық өнімдер көрмесі өтеді. Мұнда келушілер экологиялық жауапты тұтыну мәдениетін насихаттайтын өнімдермен таныса алады.
«Марвиннің» қолдауымен отбасылық ойын-сауық аймағы жұмыс істейді. Бағдарламада кітап көрмесі, LEGO құрастырғыштары, интерактивті тир, үстел ойындары, сурет салуға арналған шығармашылық аймақ және демалыс бұрышы қарастырылған.
«Заң мен тәртіп — есірткіге жол жоқ!» ақпараттық-профилактикалық алаңы ұйымдастырылады. Онда кинологиялық қызметтің жұмысы мен робот-иттің мүмкіндіктері көрсетіліп, тақырыптық көрме ұсынылады, ақпараттық материалдар таратылып, жастармен профилактикалық кездесулер өтеді.
«Жастар және қала» диалог алаңы өтеді. Оның басты іс-шарасы — аудан әкімі мен белсенді жастармен кездесуі. Ашық пікірталас барысында қатысушылар экология, қалалық ортаны дамыту және жастар бастамаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылайды.
Фестивальдің қорытындысы жанды дауыстағы концерттік бағдарламамен түйінделеді.
Айта кетейік, іс-шара сағат 11:00–де басталады. Кіру — тегін.
Бұдан бұрын Астана күні қарсаңында SARYARQA RUN жаппай жүгіру жарысы өтетінін жазған едік.