Астанада ЭКСПО-2017 кезінде құрылыс жұмыстарына рұқсат беру шектеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ЭКСПО өткізу кезінде жер және сәулет-құрылыс өндірісіне рұқсат беру шектелді. Бұл туралы 3 маусыда күшіне енген Астана қаласы әкімдігінің «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезінде Астана қаласында жер, сәулет-құрылыс жұмыстарын жүргізуге байланысты бірқатар мәселелер туралы» қаулысында айтылған, деп хабарлайды Elorda.info.

Бұл құжат 2017 жылдың 5 маусым мен 10 қыркүйек аралығында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезінде Астана қаласында жер, сәулет-құрылыс өндірісін жүргізуге рұқсат беруді шектейді. Бұл шектеу меншіктің жекелеген түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдарға әрекет етеді.

«Астана қаласы «Алматы», «Есіл» және «Сарыарқа» аудандарының әкімдері Астана қаласында рұқсат етілмеген жер, сәулет-құрылыс жұмыстарын бақылау мақсатында мобильді топ құрып, Астана қаласы аумағының абаттық жағдайын бақылауда ұстауы керек», - делінген Астана қаласының әкімі Әсет Исекешовтің қол қойған құжатында.