«Шабыт» баспасөз орталығының 1,2-қабаттарында баспасөз тілшілеріне арналған 1 мыңнан астам жұмыс орны жабдықталған. Онда жеке компьютерлер (400 орын), қалалық және халықаралық байланыстарға қосылған телефондар, лазерлі принтерлер, сканерлер мен көшірме аппараттары орнатылған. Сонымен бірге, жеке ноутбуктармен жұмыс жасауға болатын жоғары жылдамдықты интернет желісі тартылған бөлмелер бар.
Бірінші қабатта сондай-ақ, теле және радио журналистер үшін монтажды бөлмелер бар. Онда Саммиттің тікелей көрсетілімі мониторларға беріліп, оларды бейне таспаларға түсіріп алу мүмкіндігі жасалған. Саммит отырысы барысында жасалатын фотосуреттерді де шұғыл түрде көшіріп алу жағдайлары қарастырылған.
Баспасөз мәслихаттарын өткізуге арналған бірнеше зал және асханалар бар. Баспасөз орталығы 30 қарашадан бастап тәулік бойы жұмыс жасайды.
Еске салайық, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының Саммитіне 1 мыңнан астам шет ел және отандық журналист қатысады деп күтілуде. Саммит жұмысы ЕҚЫҰ-ның ресми алты тілді (ағылшын, неміс, испан, француз, итальян және орыс) қамтитын болады.