Астанада ЕҚЫҰ Саммиті өтетін күндері қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қала тіршілігіне бірқатар өзгерістер енгізіледі

АНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының Астана Саммитіне санаулы күндер қалды. Саммит өтетін күндері тұрғындардың емін-еркін жүріп-тұруы үшін және жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала тіршілігіне уақытша бірқатар өзгерістер енгізілетін болады.

Бұл жайында ҚазАқпарат тілшісіне Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы Болат Тілепов айтып берді.

- Болат Анапияұлы, Саммит өтетін күндері Астананың күнделікті тіршілігінде қандай өзгерістер болады? Қала тұрғындарының жүріп-тұруына, қоғамдық көліктердің қозғалысына қандай шектеулер қойылады?

- Әрине, Саммит өтетін күндері Астана күнделікті қалыпты жағдайымен тұра береді деп айтуға болмайды. Бірақ «коменданттық режім» болады деуге де негіз жоқ. Білуімше, қазір дәл осы тақырыптың төңірегінде дүрлікпе бар. Саммит, мұндай ауқымды іс-шаралардың өзге елдерде ұйымдастырылып жүрген сызбасы бойынша өткізіледі. Бұл біздің тұрғындар үшін үйреншікті жәйт болмаса да, қалыпты тәжірибе және бұл мәселеде азаматтардың барлық құқықтары ескерілген. Мен мұнда шектеулерге қатысты айтып отырмын.

Өздеріңіз ойлап қараңыздар, Саммит күндері қалада 55 мемлекеттің президенттері, премьер-министрлері, парламент спикерлері, 65 халықаралық ұйымдардың басшысы болады. Олардың әрқайсысы жеке-жеке қорғауды қажет ететін тұлғалар, олардың кедергісіз қозғалуына мүмкіндіктер жасауымыз тиіс. Мұнда ресми тұлғалардың ғана емес, тұрғындардың өздерінің қауіпсіздігі мәселесі жатыр. Ал ол қауіпсіздікті көлік қозғалысына шектеу қоймай қамтамасыз ете алмаймыз. Бірақ тағы қайталап өтемін, көшелер жөн-жоқсыз жабылмайды.

Нақтырақ айтатын болсам, 26-30 қараша күндері Тәуелсіздік сарайында, Өнер университеті мен Бейбітшілік және келісім сарайында Саммитке дайындық шаралары жүргізіледі, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен Шолу конференциясы өтеді. Олар нысаналы жерлерге жол полициясы автокөліктерінің ілесуімен жеткізіледі, яғни бұл уақытта жолдар жабылмайды.

26 қараша күні «С» аумағына (қызыл аумаққа) алып келетін жолдар барлық автокөліктер үшін жабылады. Олар - А.Байтұрсынов (41 көше), Нәжімеден (42), Тәуелсіздік даңғылы (Сығанақ көшесінен Сарайшыққа дейін), Обаған көшесі (39), Сығанақ (М-3 көпірінен Тәуелсіздік даңғылына дейін) және Сарайшық көшесі (Б.Момышұлынан Айнакөл көшесіне дейін). Бұл аумаққа тек қоғамдық және арнайы рұқсат қағаздары бар көліктер ғана кіре алады.

«Хайвил», «Гранд Астана» және «Городской романс» тұрғын үй кешендерінің аумағына кіру және шығу тек қана рұқсат қағаздары бойынша жүзеге асырылады. Аталмыш тұрғын үй кешендерінде тұратын 850 автокөлік иелеріне рұқсат қағаздарды тапсырылды.

Қаланың қалған бөліктерінде 26-29 қараша күндері шектеулер болмайды. Мәдени-ойын сауық және сауда орталықтарына, медициналық мекемелерге еш кедергісіз жетуге болады.

30 қараша күні түстен кейіннен бастап 1 желтоқсанның таңына дейін ресми делегациялардың басшылары келе бастайды. Меймандарды қонақ үйлерге (13 қонақ үй) жеткізу кезінде қаланың басты көшелері, атап айтқанда Әуежай күре жолы, Қабанбай батыр даңғылы, 2-нші көше, Түркістан көшесі, Сығанақ, 1-інші көше, Тұран, Қорғалжын тас жолы, Сарыарқа, Абай, Уәлиханов, Тәуелсіздік даңғылы толығымен жабылады.

Саммит болатын 1-2 желтоқсан күндері «С» аумағындағы көлік қозғалысы толығымен тоқтатылады. Қаланың қалған бөліктерінде көліктер ағынын уақыттары белгіленген жеке сызбалар бойынша реттеу көзделіп отыр.

Мәселен, 1 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 7.30-дан 8.30-ға дейін Тәуелсіздік сарайына Саммитке қатысатын делегациялар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері келеді. Олар жол полициясы машиналарының ілесуімен жалпы көліктік ағынмен жеткізіледі, жолдар жабылмайды.

8.30-дан 10.00-ге дейін елорданың 13 қонақ үйіне жайғастырылған ресми делегациялардың басшылары Тәуелсіздік сарайына жеткізіледі. Бұл уақыт аралығында негізгі көшелер (Қабанбай батыр, Тұран, Абай, Тәуелсіздік даңғылдары мен Екінші, Сығанақ, Бірінші, Сарайшық, Сарыарқа көшелері, Қорғалжын тас жолы) толық жабылады.

Бірінші күннің отырысы аяқталғаннан кейін, ресми делегациялар Тәуелсіздік сарайынан Салтанат сарайына жеткізілетін сағат 17.00-ден 20.00-ге дейін барлық автокөлік түрлері үшін мына көшелер: Сарайшық көшесі; Тұран даңғылы (Сарайшықтан Қорғалжын тас жолына дейін); Қорғалжын тас жолы (Тұран даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейін); Қабанбай батыр даңғылы (Қорғалжын күре жолынан Бараев көшесіне дейін) жабылатын болады.

Сағат 20.00-ден 21.30-ға дейін Қабанбай батыр даңғылы (Қорғалжын тас жолынан Бараев көшесіне дейін) мен «С» аумағынан басқа барлық жолдар қайта ашылады.

Сондай-ақ, сағат 20.00-21.30 аралығында «С» аумағынан жол полициясы машиналарының ілесуімен жалпы көліктік ағынмен, қозғалыс шектеусіз, ҮЕҰ өкілдері «Думан» орталығына, ал отандық және шетелдік БАҚ «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық кешеніне жеткізіледі.

Салтанат сарайынан шыққан ресми делегацияларды қонақ үйлеріне (13) дейін кедергісіз жеткізу үшін сағат 21.30-дан бастап жоғарыда атап өткен негізгі көшелер қайта жабылады.

2 желтоқсан күні күннің бірінші жартысында қала көшелерімен қозғалыс 1 желтоқсан күнгі сызба бойынша жүзеге асырылады.

Түскі сағат 13.00-ден бастап ресми делегациялар басшылары Тәуелсіздік сарайынан кезең-кезеңімен Әуежайға жеткізілетін болады. Бұл уақытта мына көшелер: Сарайшық көшесі, Қабанбай батыр даңғылы (Сарайшық көшесінен Әуежай-Астана күре жолына дейін); Әуежай-Астана күре жолы жабылады. Бұл ретте, тұрғындарға жаңа әкімшілік орталығынан оң жағалауға жету үшін үш айналма жол ұсынылып отыр. Олар:

- Әуежай-Астана тас жолы - Тұран мен Қабанбай батыр даңғылдары арқылы, Сығанақ - Орынбор - Тәшенов көшелері арқылы оң жағалауға шығуға болады.

- Жаңа әкімшілік орталықта тұратын адамдарға сондай-ақ, Сығанақ көшесі ашық болады. Ол арқылы Керей және Жәнібек көшесімен Тельман кентіне дейін, одан ары ауыл іші жолымен «Оңтүстік» айналма жолына шығып Абылайхан даңғылы мен Қорғалжын тас жолына жетуге болады.

- Тұран даңғылымен Екінші көше арқылы Комсомол кентіне, одан ары Қорғалжын тас жолына шығып, Күмісбеков, Сейфуллин көшелері арқылы кез-келген бағытта қозғалуға болады.

- Саммит күндері қоғамдық көліктердің және басқа облыстардан келген автомашиналардың қозғалысына шектеулер қойылады ма?

- Қоғамдық көліктерден бастайын. 26-29 қараша күндері Тәуелсіздік сарайының аумағымен жүретін 6 автобустың сызбасына өзгерістер енгізілді. Мемлекет басшылары келетін уақытта қоғамдық көліктер қалыпты режімде жұмыс істей береді, тек кортеждер өтетін кезде ғана жолдың жиегіне ығыстырылады.

Саммит өтетін 1-2 желтоқсан күндері қаланың сол жағалауына алып баратын қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеулер қойлады. Нақтырақ айтқанда, бұл күндері 18 бағыттың тек 5-еуі ғана (төртеуі - «Бәйтерек» монументі аумағына, біреуі - Ильинка кентіне дейін) қызмет көрсетеді. Екі автобустың қозғалысы қаланың орталық бөлігінен - Республика даңғылынан бастап Орынбор көшесіне дейін, тағы екеуінікі - Оңтүстік-Шығыс кентінен Тоқпанов мен Орынбор көшесіне дейін жүзеге асырылады. 5 бағдардың қозғалысы уақытша тоқтатылады. Тағы сегіз бағдардың қаланың ескі аумағымен жүру сызбасына шектеулер қойылады. Жалпы, қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі күтілмейді.

Жекеменшік көлік туралы айтатын болсам, Саммит өтетін жерлерден өзге жолдарда қандай да бір шектеулер қою күтіліп отырған жоқ. Мен Астана және басқа аймақтардың мемлекеттік нөмірлері бар автокөліктерге қатысты айтып отырмын. Бірақ коммуналдық қызметтердің технологиялық көліктерінен өзге, жүк көліктеріне қала ішімен жүруге тыйым салынады.

- Іс-шара күндері коммуналдық және шұғыл әрекет ету қызметтері қалай жұмыс жасайды? Осы жерде бірден, анықтама қызметтері мен айырбастау пінкттері туралы айтып өтсеңіз.

- ЕҚЫҰ саммитіне дайындық және ол өткізілетін күндері қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін негізгі жүйелер (энергиялық нысандар, жедел әрекет ету және коммуналдық қызметтер) қалыпты, бірақ күшейтілген режімде жұмыс істейді. Бұл күндері негізгі ауыртпалық 051, 101, 102 және 103 шұғыл қызметтеріне түседі.

Үкіметтен бөлінген қосымша қаражаттарға жедел-медициналық жәрдем қызметі үшін 23 реанимобиль, 12 өрт сөндіру техникасы, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жол полициясының жұмысына арналған 50 арнайы автомашина сатып алынды. Ауа райы жағдайы нашарлап жатса, екі кезеңмен жұмыс істейтін (таңертеңгсі сағат 07.00-19.00-ге дейін және 19.00-ден таңертеңгі 07.00-ге дейін) механикаландырылған жинау техникаларына жол полициясының 20 патрульдік автокөлігі ілесіп жүретін болады.

Анықтамалық және басқа да қызметтер үшін бұл күндері жұмыс көбейетіні сөзсіз. Қазір оларды тиісті стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде.

- Халық аузында Саммит күндері базарлар, сауда орталықтары, кинотеатрлар мен басқа да демалу орындары жабылады деген әңгімелер жүр. Бұл әңгімелердің негізі бар ма? Бар болса мұндай шаралар қандай қажеттіліктерден туындады?

- Бұл мәселе бойынша да әңгімелер тым әсіреленген. Барлық супермаркеттер, сауда орталықтары, кинотеатрлар, демалу және ойын-сауық мекемелері күнделікті жағдайда жұмыстарын істей береді. Саммитке дайындық және ол өткізілетін күндері уақытша жабу туралы шешім тек базарларға ғана қатысты қабылданды. Бұл немен байланысты? Бұл ең алдымен, тұрғындардың өздерінің қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Екінші кезекте, қаладағы көлік қозғалысын реттеу үшін.

Ондаған мемлекеттердің басшылары бір жерде және бір мезгілде бас қосқан мұндай ауқымды шаралар, деструктивті күштер үшін идеологиялық, тіпті физикалық шабуылдар жасауға жақсы мүмкіндік екендігін жіті түсінуіміз қажет. Және адам көп шоғырланған орындар, соның ішінде базарлар лаңкестік әрекеттерден қауіпсіздендірілмеген. Бұл сегмент қауіпсіздік тұрғысынан алып қарағанда анағұрлым осал.Сондықтан бұл жердегі біздің басты мақсатымыз - күмәнді тұлғаларға мұндай жерлерге қару-жарақтарды, жарылғыш, уландырғыш, психотропты және басқа да осы сынды заттарды алып кіруіне жол бермеу. Бір сөзбен айтқанда, барлық болуы және болмауы ықтимал жағдайларды ескеру.

- Шетелдік меймандарды қарсы алуға дайындығымыз қалай? Қонақ үйлер, көлік, тамақтандыру мәселелерінде проблемалар жоқ па?

- Келетін қонақтардың жалпы санына сәйкес, 68 қонақ үйден 4701 орынға есептелген 3447 бөлме дайындалды. Бүгінгі күні олардың барлығы қонақтарды қарсы алуға толығымен дайын. Барлық нысандардың аулалары абаттандырылды, ішкі жолдары жөнделіп, автотұрақтары кеңейтілді. Жалпы алғанда 27 қонақ үйде күрделі жөндеулер жүргізілді. Барлық нөмірлерге интернет желілері тартылды. Әрине, мемлекет басшылары орналастырылатын 13 қонақ үй біздің ерекше бақылаумызда.

Негізінен, бас шаһардың қонақ үйлерінің стандарттарға сәйкестігіне бақылау-ревизиялық жұмыстар күнделікті жүргізіледі. Мәселен, мейманханалардың сервисін тексеру үшін енгізілген «құпия клиент» әдістемесі өз нәтижесін беруде. Мысалға, осы әдіспен таңдап алынған 13 қонақ үйді тексеру барысында барлық дерлік нысанда тазалыққа қатысты кемшіліктер болды. Тең жартысында қызметкерлерінде, дәлірек айтқанда олардың жүріс-тұрысында, тілдерді білу және тағы да басқа мәселелерде проблемалар бар. Бұл түйіткілдер қазір жойылып жатыр. Осы апта бойы мұндай тексерулерді күнделікті өткізіп жатырмыз.

Қонақтардың тамақтануына қатысты айтатын болсам, іс-шаралар өткізілетін (Бейбітшілік және келісім сарайы, «Шабыт» өнер үйі) жерлердегі тамақтану, сондай-ақ қонақ үйлер мен мейрамханалардағы таңғы және кешкі астармен қамтамасыз ету мәселесін ҚР Президенті Іс басқармасы, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Астана әкімдігі бірлесіп ұйымдастырады.

Осы ретте, Саммитке қатыстырылатын барлық қонақ үйлер, мейрамханалар мен қоғамдық тамақтануға арналған мекемелер келушілерге қызмет көрсетуге 90 пайызға дайын екендігін қадап айтқым келеді. Саммит қатысушылары мен қонақтарының тамақтануына (6,5 мың орын) барлық талаптарға жауап беретін ең жақсы 37 мейрамхана таңдап алынды.

- Әңгімеңізге рахмет!