деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараны ұйымдастырушылар - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Президенттік мәдениет орталығы.
Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы қазіргі таңда алыс-жақын шет мемлекеттерден келетін мәртебелі меймандар мен қала қонақтарының бірден-бір көріп, тамашалайтын орнына айналып келеді. Астаналық зиялы қауым өкілдері де осы Орталықта жиі бас қосып тұрады.
Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығында Елбасының және Астана қаласының туған күнін атап өту жыл сайын игі дәстүрге айналған. Астана қаласының 11-жылдық мерейтойына орай биыл да бұл дәстүр одан әрі жанданып өз жалғасын тауып, арнайы көрме дайындалып отыр. Аталмыш көрменің басты ерекшелігі - Елбасының Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің негізін салудағы қажыр-қайраты мен Елорданы орнатудағы ерен еңбегін жан-жақты ашып көрсету. Аталған көрмеде Астана қаласының кешегі мен бүгінгі жарқын келбеті салыстырмалы түрде көркем фотосуреттермен берілген.
Көрменің салтанатты ашылуына депутаттар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласының әкімдігі өкілдері, сондай-ақелімізге белгілі ғылым, білім, мәдениет және өнер қайраткерлері және республикалық БАҚ өкілдері шақырылып отыр.
Көрменің салтанатты ашылуынан кейін Орталықтың концерт залында белгілі ақын Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» поэмасының негізінде дайындалған музыкалық-поэтикалық спектакль көрсетіледі. Музыкалық-поэтикалық спектакльдің сценарийін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, танымал түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбекұлы жазған, режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханұлы.
Музыкалық-поэтикалық қойылымның басты ерекшелігі - тәуелсіздігіміздің символы, ел тілегін тоғыстырған елорданы Сарыарқаның төріне орнатудағы Елбасының тарихи шешімі мен ерлікке толы еңбегін, осы жолдағы Президенттің терең толғанысын, жан тебіренісін сахналық көркем тілмен бейнелеу.
Бұл спектакльде Сарыарқаның төрінен алтын алқадай жарқыратып Астана салған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сахналық бейнесі тұңғыш сомдалады. Елбасы бейнесін талантты жас актер Қуандық Қыстақбаев сахнаға алып шығады. Жырау рөлін Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаевсомдаса, Абылай ханды «Ұлттық дәстүрлер театрының» әртісі Жанқалдыбек Төленбаев ойнайды. Сондай-ақ көпшілік сахнасында ҚР ПМО «Ұлттық дәстүрлер театрының» әншілері, бишілері, фольклорлық ансамблі және басқалары өнер көрсетеді.