«Кітап біздің бүкіл мемлекеттік келбетімізді қалыптастырып, оны дүниежүзіне танымал еткен жасампаз орасан жұмыстар туралы. Елбасы сол жұмысты өз қолына алды, терең білімділікпен, білгірлікпен, сондай-ақ үлкен қабілеттілікпен, қазіргі заманға сай мемлекеттік институттар құрды. Жаңа дәуірдегі, жаңа замандағы біздің мемлекеттілігіміздің әлемге әйгілі болып, басқа мемлекеттермен терезесі тең болуына, әсіресе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі орасан. Мына кітапта жан-жақты біздің ішіміздегі мемлекеттік құрылымдар, олар қалай жұмыс істеді, қалай жұмыс істеп келе жатыр және халықаралық қатынастар мәселесі де еніп отыр», - дейді Қ.Сұлтанов.
Оның айтуынша, кітаптың мазмұны тек нақты деректерге негізделген.
«Онда ойдан құрастырылған сырт ештеңе жоқ, оның жанрының өзі кәдімгі саяси публицистика. Тек дерекке сүйенеді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік жариялағаннан кейін, экономика, халықаралық қатынастар, шекара мәселелері, әлеуметтік жағдайымыз, біздің мәдениетімізді, руханиятымызды көтеру шараларында қандай жетістіктерге қол жеткізілді деген мәселелерге ден қойылды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік, қайраткерлік еңбегі туралы жазылды», - деп түйді сөзін депутат.
Жалпы кітаптың таралымы 5 мың дана.