Астанада «Елбасы және мен» фотобайқауы басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күніне арналған «Елбасы және мен» республикалық фотобайқауының басталғаны туралы жас көшбасшылар форумы барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.

Президентпен түскен үздік фото байқау 14-30 қараша аралығында өтеді. Байқауға қатысушыға мынадай талаптар қойылады: Қазақстан Республикасы Президентімен түскен суретті Instagram желісіндегі парақшасына #ElbasyJaneMen хэштегімен жариялау, жазбаның астына ҚР ҚДМ Жастар және отбасы комитетін @kdms.gov белгілеу, Instagram-дағы ҚР ҚДМ жастар және отбасы комитетінің @kdms.gov парақшасына, ҚР Қоғамдық даму министрлігінің парақшасына @kdm.gov.kz, қалалық қоғамдық даму істері басқармасының @qogamdyk_damy_astana парақшасына жазылу.

«Жобаның басты мақсаты - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеуді насихаттау, алдағы уақытта қоғамда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық мемлекетті қалыптастырудағы тарихи ролін ауқымды етіп, күшейте түсу», - деді ҚР қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы комитетінің жетекшісі Асхат Оралов.

Байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздар үш сыйлық санатында бағалы сыйлықтарға ие болады, ал әділқазылар таңдаған ең үздік суреттер «Mega Silk Way» ОСО, Тұңғыш Президент кітапханасы, Хан Шатыр ОСО фотокөрмесіне қойылады.

Байқауда Жастар және отбасы комитетінің парақшасында ең көп лайк жинаған қатысушы жеңімпаз атанады.

Фото: www.akorda.kz