Астанада Елбасы Жолдауын ақпараттық және сараптамалық сүйемелдеуді ұйымдастыру мәселелері талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын ақпараттық және сараптамалық сүйемелдеуді ұйымдастыру мәселелері бойынша республикалық кеңес өтті.

Кеңеске ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Д.Н.Назарбаева, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Б.А.Майлыбаев, ҚР Үкіметінің мүшелері, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, Парламент палаталары аппараттарының жетекшілері, министрліктердің жауапты хатшылары, қоғамдық бірлестіктердің, ЖОО-ның, республикалық БАҚ-тардың басшылары, мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары, Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдері орынбасарлары және ішкі саясат басқармалары басшылары қатысты. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Д.Назарбаева әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде Қазақстанның одан әрі дамуы үшін Президент Жолдауының әлеуметтік бағыттылығы мен айрықша маңыздылығына баса мән берді. Дариға Нұрсұлтанқызы дағдарысқа қарамастан Жолдау әлеуметтік салаға бағытталғанын, Президент тұрғындар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде қамтамасыз ету туралы Үкіметке нақты міндеттер жүктеп отырғанын атап өтті. «Жолдау адамдардың күнделікті өміріндегі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, бұл алдын алу шараларының жүйелі жоспары және ол жаһандық дағдарыс кезінде тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз етеді», деп тоқталды ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Б.Майлыбаев. Президент Жолдауы - жұмысқа тартудың бағдарламасы, басты саяси міндет - оның төңірегінде барлық халықты біріктіру екендігін де Б.Майлыбаев баса айтты. Сондай-ақ ол Жолдауда айтылған Мемлекет басшысы тапсырмаларының жүзеге асырылуын кешенді ақпараттық сүйемелдеудің бағыттары мен бағдарларына тоқталды. Кеңес барысында Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары А.Мырзахметов, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова, Қаржы министрі Б.Сұлтанов, Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев, ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Е.Бабақұмаров сөз сөйледі. Кеңес қорытындысы бойынша қатысушыларға нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.