Астанада «Елбасыға тілек» көрмесі ашылады

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін елорданың жаңа Оқушылар сарайында «Елбасыға тілек» І балалар шығармашылығының қалалық байқауына арналған көрме өтеді. Оған экспозицияға қатысушылардың ең үздік жұмыстары қойылады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтынан хабарлады.

Байқауға Астана қаласы білім беру ұйымдары: балабақша тәрбиеленушілері, жалпы білім беретін мектеп оқушылары, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері студенттерінен  400-ден астам жұмыс қабылданды.  Байқау ережесіне сәйкес жұмыстар әртүрлі техникада орындалды, яғни, тоқыма материалдарынан, ағаш және металлдан өңделген көркемдік жұмыстар, мүсіндік, қолданбалы өнердің дәстүрлі емес түрлері, акварель бояуымен картиналар, коллаж жұмыстары бар.

Еске салайық, еліміздің Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналған іс-шаралар аясында  1 қарашадан бастап қалалық І «Елбасыға тілек» балалар шығармашылығы байқауы өткізілуде.

Бұл ерекше байқаудың мақсаты - оқушылардың  Отанына, Елбасыға деген сүйіспеншіліктерін ояту, балалар шығармашылықтарын  дамыта отырып оны қолдау және таныту,  жалпы және көркем мәдениетті көтеру болып табылады.