Астанада Елбасының бірегей шахмат коллекциясы көрмеге қойылды

ТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін - Шахмат ойынының халықаралық күніне орай, Астанада ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында «Патшалар ойыны» атты көрме ашылды.

Көрмеге 10-ға тарта бірегей шахматтар коллекциясы ұсынылған. Олардың барлығы Елбасы Н. Назарбаевқа Ресей, Беларусь, Үндістан, Қытай және басқа да елдердің басшылары мен ресми делегациялары, сонымен бірге әлем чемпиондары, халықаралық гроссмейстерлер Анатолий Карпов пен Вишванатан Анандтың сыйға тартқан жәдігерлері.

Мұражайдың қорында сақталған аталған шахматтар жиынтығы өзінің бірегейлігімен әрі қайталанбастығымен аталмыш экспозицияның мәні мен мәртебесін ашып тұр.

Мәселен, мұнда мамонт сүйегінен жасалған шахмат мүсіншелерін және сянци деп аталатын ертедегі Қытай шахматының үлгісін көруге болады.

2001 жылы Украина Президенті Л. Кучманың ҚР Президенті Н. Назарбаевқа тарту еткен украин халқының Польшаға қарсы ұлт-азаттық соғысын бейнелейтін шахмат тақтасын да осы көрмеден көруге болады. Ал әйгілі әлем чемпионы А. Карповтың тарту еткен шахмат тақтасы мен мүсіндері қазақ ханы мен сарбаздары кейпінде қашалып, арнайы тапсырыспен жасалған. Сондай-ақ бірегей көрмеде Цинь Шихуандидің атақты тарракоттық әскерлерінің, викинг пен моңғол әскерлерінің шахмат мүсіншелері бар тақталар да көзге ұшырасады.

Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың айтуынша, шахматшының өзінің жеке коллекциясы әзірше жоқ көрінеді.

«Бірақ мен Анатолий Карповта өте үлкен жеке шахмат коллекциясының бар екенін білемін. Оның қорындағы шахмат тақтайлары әлемдегі ең таңдаулы дүниелер. Онда өте сирек ұшырасатын мамонт сүйегінен, бағалы металдардан жасалған шахматтар бар», - дейді Д. Сәдуақасов.

Сондай-ақ шара барысында елорда мектептерінің бастауыш сынып оқушылары мен қала тұрғындары халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов пен оның қарындасы, әлем чемпионы Динара Сәдуақасовамен ойын сеансын өткізуге мүмкіндік алды. Бір мезгілде 15-ке тарта адаммен болған ойын бір сағаттан астам уақытқа жалғасты. Осылайша, шахматқа енді бет бұра бастаған балдырғандар халықаралық деңгейдегі отандастарынан шеберлік тәжірибесін алды.