Астанада Елбасының қатысуымен «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезі басталды

None
АСТАНА. 16 қараша. ҚазАқпарат  - Бүгін елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезі өтуде.

Алқалы жиын барысында «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының 2020 жылға дейінгі стратегиясын қабылдау, ұйымның Атқарушы хатшысын, Орталық кеңесінің мүшелерін сайлау, жастар қанатының Жарғысына толықтырулар мен өзгертулер енгізу көзделген.

Жақын болашақтағы өздерінің басты құжаты «Жастар - Отанға!» деп аталатын 2020 жылға дейінгі стратегияны талқылау үшін еліміздің түпкір-түпкірінен 1100-нан астам делегат жиналды.

Айта кетейік, аталған стратегия жобасы республиканың барлық аймақтарында талқылаудан өткен болатын. Кез келген адам өз ұсынысын ортаға салу мүмкіндігіне ие болды және олардың басым бөлігі бүгінгі талқыланатын құжатқа енді. Нәтижесінде «Жас Отан» жастар қанатының іс-қимыл стратегиясының жобасында қызметтің 11 басты бағыты айқындалды. Оның ішінде сапалы білім, мәдени даму және бірлік, жастар кәсіпкерлігін дамыту, ғылымды дамыту, еріктілер қозғалысы және тағы да басқалары бар.