Астанада Елбасының Жолдауын түсіндіру бойынша ақпараттық-насихат тобының отырысы өтті

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанадағы ҚР Президентінің мәдениет орталығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың жетекшілігімен «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша ақпараттық-насихат тобының отырысы өтті.

Елбасы Жолдауының мағынасын ашып, мәнін түсіндіру үшін республика деңгейінде министрлердің, Парламент депутаттарының жетекшіліктерімен 15-ке тарта ақпараттық-насихат тобы құрылған болатын. Аталмыш топтар 15-16 ақпан күндері 15-ке тарта отырыс өткізіп, халықты мемлекет қолға алған жоспарлармен таныстырмақ.

Отырыс барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова жиналған қауым алдында Қазақстанның 2020 жылға дейін халықты еңбекпен қамту жаңа бағдарламасының шеңберінде атқарылатын Үкіметтің әлеуметтік саладағы міндеттерін айтып берді.

Министрдің атап өтуінше, бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Оның біріншісі - оқыту арқылы белсендіру әрі одан ары жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қолдау көрсету. Екіншісі - экономикалық өсімге қарай бағдар ұстау арқылы еңбек ресурстарының жеделдігін арттыру. Үшіншісі - ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамыту.

2015 жылға қарай аталған бағдарламаның 1,5 миллионға жуық адамды қамтитындығын атап өткен ол: «Оны жүзеге асыру республикадағы кедейшілік деңгейін 6 пайызға дейін төмендетуге сонымен қатар, әрине, жұмыссыздық деңгейінің 5,5 пайыздан асып кетпеуіне мүмкіндік береді», - деді.

Ақпараттық-насихат тобының отырысына ҚР Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева, Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Аида Құрманғалиева, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, ҚР Парламенті депутаттары қатысты.