Астанада «Елбесік» аруы байқауы өтеді

АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Наурыздың 10-ында Астананың сол жағалауындағы «Expo» көрме орталығында республикалық «Елбесік» жұрналының ұйымдастыруымен арулар байқауы өтеді. Оны өткізуге белгілі өнер жұлдызы Қарақат Әбілдинаның мектеп-студиясы және елордалық «Salem» радиосы белсене атсалысуда.

Арулар мерекесінде қазақстандық өнер жұлдыздары Қыдырәлі мен Қарақат, Еркін Нұржан, Маржан Арапбаева, Мейрамбек Бесбаев, Нұрлан Еспанов, «Белес», «Бәйтерек» «Z» топтары өнер көрсетеді.

Арулардың арасынан жеңімпаздарды анықтайтын қазылар тобының құрамында белгілі мәдениет қайраткерлері бар. «Жаңадан ашылып, оқырмандарына жол тартқан «Елбесік» жұрналы негізінен жастарға, ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттауға арналған имидждік басылым. «Елбесік» аруы басылымымыздың алғашқы үлкен жобасы. Өнер кешінде мемлекеттік органдар өкілдері, Парламент депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері қатысқалы отыр», дейді жұрналдың бас редакторы Гүлайым Оралбаева.