Астанада электр энергиясын тұтыну көлемі азайды

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - 2013 жылы Астанада коммуналдық кәсіпорын нысандарында электр энергиясын тұтыну көлемі 2012 жылмен салыстырғанда төмендеді, деп хабарлады astana.kz.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крыловтың қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста қаланың коммуналдық мекемелерінің 2013 жылы істеген жұмысыың қорытындысы туралы айтылды. Жиында ескі энергетикалық қондырғыларды жаңасына ауыстырып, электр қуатын үнемдеу саясатын енгізудің нәтижесінде коммуналдық кәсіпорын мекемелерінде электр энергиясын тұтыну көлемі 2012 жылмен салыстырғанда төмендегені белгілі болды.

Отырыста «Астана су арнасы» МКК 2013 жылғы жұмысының қорытындысы мен 2014 жылға жоспары талқыланды. Атап айтқанда, ескі желілерді шығынға жазып, иесіз құрылыстарды балансқа алумен су-кәріз шаруашылық нысандарын түгендеу бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды.

Бұдан басқа, кәсіпорынның ақпараттық технологияларды енгізуге баса назар аударатыны да айтылды. Мысалы, 2013 жылы арнайы техниканың автомобиль паркі жаңартылды, су құбыры желілерін қалпына келтіру, сумен қамту желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, еуропалық сападағы өрт сөндіру гидранттары сатып алынып, ескі су құбырлары жаңасына ауыстырылды.