Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Анатолий Шкарупа мәлім етті.
«АстанаЭнергоСбыт» компаниясы шығындарды қысқартудың, оңтайландырудың және қызметтерді көрсетудің көлемін арттырудың арқасында Астана қаласының тұтынушылары үшін тарифтерді орташа есеппен 5,2 пайызға төмендете алды», дейді А. Шкарупа.
Оның айтуынша, келесі тамыз айынан бастап, электр энергиясына салынатын тарифтің орташа деңгейі 7,41 теңге/кВт.сағат (қазіргі тариф 7,82 теңге шамасында) көлемінде болады.
«Электр плиталарын пайдаланатын заңды тұлғалар үшін тариф ҚҚС-сыз 13,2 пайызға, электр плиталарын пайдаланбайтын заңды тұлғалар үшін 15,3 пайызға төмендетілмек», дейді ол.
Тиісінше, қаладағы тәулік зоналары бойынша сараланған тарифтердің бағасы арзандайды. Мәселен, заңды тұлғалар үшін күндізгі тариф ҚҚС-сыз 5,6 пайызға, түнгі тариф 7 пайызға төмендетіледі деп жоспарланған.