Астанада электр қуатын өндіру 9 пайызға жуық ұлғайды

АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана қаласының жылу электр стансаларында жылыту маусымына дайындық жұмыстары қолға алынды. Бірқатар шаралар қабылданып, ЖЭО-2 күл-қоқыс уақытылы шығарылды. Бұл туралы бүгін электр қуаты, департамент қызметкерлері мен журналистерге арналған «Астана Энергия» АҚ баспасөз туры барысында кәсіпорын басшысының бірінші орынбасары Олег Уткин мәлімдеді, деп хабарлады қаланың ресми сайты.

«2008-2012 жылдары инвестициялық іс-шараларды орындау ЖЭО-1 және ЖЭО-2 техникалық-экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, электр қуатын өндірудің жылдық көрсеткіші 8,91%, белгіленген қуаттылықты тиімді пайдалану коэффициенті 6,12% ұлғайып, атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың мөлшері 4,5% қысқарды. Қазіргі уақытта ЖЭО-2 кеңейту жұмыстары толық аяқталды. Станса жылыту маусымына дайын», - деді О. Уткин.

Оның айтуынша, ЖЭО-2 жылу қуаттылығы 930 Гкал, бұл жылу маусымына көшу үшін жеткілікті болып саналады.