Астанада электромобильдерге автобус жолағымен жүруге рұқсат берілуі мүмкін
«Біз арнайы 2018-2020 жылдарға арналған Астана қаласын сауықтандыру жөнінде кешенді жоспарды қабылдағанбыз. Осы кешенді жоспардың екінші бағыты - көліктен қоршаған ортаға келетін зиянды тоқтату болып табылады. Оның ішінде бірнеше іс-шаралар бар. Шаралардың ішінде бөлек блок ретінде электромобильдерге Bus line жолағымен жүруге рұқсат беру мәселесін қарастырдық. Бүгінгі күні бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоспар жақында бекітілгендіктен, норма енгізілсе жылдың соңына дейін немесе келесі жылы Астанада электромобильдердің саны көбейер деген ойдамын», - деді «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ Басақарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов ҚазАқпарат тілшісіне.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Астанада электромобильдердің саны тым аз. Оннан әрең асатын көрінеді.
«Егер біз оларды қолдайтын механизмдерді жасайтын болсақ, меніңше, электромобильдердің саны көбейер деген ойдамыз. Қазір әкімдікпен бірге Астанадағы бір бағдарға электравтобустарды жіберу мәселесі қаралып жатыр. Электравтобустарды пилотты жоба ретінде енгізіп, қаншалықты елорданың климатына сай келетінін ескергіміз келеді. Нақты айтқанда, әкімдік тарапынан осы жобаға қызығушылық бар», - деді Елдос Абақанов.