«Біз Астананың үш сауда орталығында - «Әлем», «Еуразия» мен «Шапағатта» электронды ветеринарлық анықтама жүйесін енгізгелі жатырмыз. Ветеринарлық анықтаманың электронды форматы нені білдіреді? Бізде Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі (БАБЖ) мен Ауыл шаруашылығы малдарын сәйкестендіру (АШМС) бар. Ветеринарлық маман ветеринарлық анықтаманы берген кезде - оларда логин болады. Олар жүйеге еніп, ветеринарлық анықтаманы электронды форматта рәсімдейді. Ветеринарлық анықтаманың нөмірін жүйенің өзі анықтайды. Демек, сауда орталығына әкелінген кезде анықтама жүйеден табылмаса, нарыққа кіргізілмейді», - деді Тұрсын Қабдолданов.
Оның айтуынша, 1 сәуірден бастап бұл жүйе Алматы мен Қарағанды облыстарына да енгізілмек.
Тұрсын Қабдолдановтың айтуынша, БАБЖ құрамына ветеринарлық анықтаманың шынайылығын анықтай алатын ішкі істер органының өкілдері де кіре алады. Осылайша, электронды ветеринарлық анықтама жалған бланкілерді қолданудың, бір анықтаманы екі-үш мал үшін пайдаланудың алдын алатын болады.