Астанада еліміздегі ең ірі туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстандағы және ТМД мемлекеттеріндегі ірі туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы аяқталды. Бұл туралы қала әкімдігінің сайты хабарлады.

Ірі медициналық мекеме Темріжол кентінде қырқыншы стансаға жақын орналасқан. Оның құрылысы 2008 жылы басталған.
Елорда әкімі Әсет Исекешев Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес салынған емдеу мекемесінде болды.

Жаңа кешен төрт емдеу корпусынан тұрады: клиникалық-диагностикалық зертхана, бактериологиялық, тамақтану блогы, кір жуатын орын. Аурухана заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған, соның ішінде: компьютерлік томография, рентген, шетелдік және жергілікті дәрігерлермен консилиум құруға, онлайн трансляция жүргізуге мүмкіндік беретін бейнеқондырғысы бар компьютерлік операциялық бөлмесі бар. Тағы бір артықшылық - 12 төсек орынға есептелген реанимациялық бөлімше, бұл елімізде жұмыс істейтін диспансерлердің ішіндегі ең үлкен бөлімше саналады. Сондай-ақ, науқастарды бөлек орналастыратын палаталар бар. Кешен 500 науқасты қабылдай алады, оларға 100 үздік маман қызмет көрсетеді.
 

Атап өтерлігі, статистикаға сәйкес, Астанада туберкулезбен ауыратындар саны төрт есе азайған. 2008 жылы 218 науқас болса, бүгінгі күні науқастар саны - 58 адам.
 

Диспансерді аралау барысында Әсет Исекешев қысқа мерзімнің ішінде іске қосу-жолға қою жұмыстарын аяқтауды, абаттандыру және көлік қатынасы мәселелерін пысықтауды тапсырды.