17:46, 19 Наурыз 2009
Астанада еліміздің қылмыстық-атқару жүйесін дамыту мәселесін қозғаған дөңгелек үстел ұйымдастырылды
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін елордадағы «Дипломат» қонақүйінде «Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамыту және өмір бойы бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындаудағы халықаралық тәжірибенің ерекшелігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі. ҚР Парламентінің, Әділет министрлігінің, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен басқосуда қылмыстық-атқару жүйесінің қазіргі жағдайы және оның тиімді дамуы, өмір бойы бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өлім жазасына балама ретінде орындау мәселелері, осы жазаны орындаудағы халықаралық тәжірибе туралы сөз болды. Аталмыш шараны ҚР Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюросы мен Қазақстандағы Фридом Хаус өкілдігі ұйымдастырып отыр. Ал Ұлыбританияның Астанадағы елшілігі қаржыландырған.«Біздің елшілік 2003 жылдан бері бас бостандығынан айыру орындарында қоғамдық мониторингті дамытуға бағытталған Қазақстандағы жобаларды қолдап келеді. Қазір біз бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардардың құқықтары жөніндегі халықаралық нормалардың сақталуының барынша жоғары деңгейіне қол жеткізу мақсатында мемлекеттік органдармен ынтымақтастық орнаттық. Өмір бойы бас бостандығынан айыру ? қылмыстық-атқару жүйесін реформалаудың өзекті мәселелерінің бірі. Әлем қауымдастығы аталмыш жазаны қолданудың белгілі бір стандартын жасады. Біз барлық халықаралық маңызды стандарттар Қазақстанның құқықтық жүйесінде орын таба алады деп үміттенеміз», - деді Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия аса мәртебелі Ханшайымының Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасындағы елшісінің орынбасары Майкл Велш. «Адам құқықтары үшін хартия» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетованың айтуынша, 2000-2003 жылдар аралығында Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі алға үлкен қадам жасады. Осы жылдардың ішінде заңнамалық өзгерістер енгізілді, сотталғандардың көрсеткіші төмендеді.
Сондай-ақ басқосуда ҚР Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Мейрам Аюбаев еліміздің қылмыстық-атқару жүйесін дамыту бағытында қолға алынар іс-шараларға егжей-тегжейлі тоқталып өтті.