World snow day бұқаралық шаңғы жарысы Астанада 2012 жылдан бері өткізіліп келеді және осы уақыт ішінде ол елордалықтар қыста асыға күтетін фестивальға айналды.
«Шараны өткізу идеясы бүкіл әлем бойынша «FIS халықаралық федерациясына» тиесілі. Аталған фестивальдің мақсаты - салауатты өмір салтын қолдау, халықты спортқа баулу және спорттың қысқы түрлерін дамыту. Жарысқа Қазақстанның 8 өңірінен 214 шаңғышы қатысады, жеңімпаздар медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады», - деп мәлім етті жарыстың бас төрешісі Андрей Зайцев.
Бұқаралық шаңғы жарысында өз күштерін сынауға ересектермен қатар балалар да келіпті, олар 18 жасқа дейінгі топта шеберлік байқасты. Жас спортшылар бар ықыласымен шаңғыға тұрып, жарысқа дайындалды. Қашықтықты бағындыру жолында әрбір қатысушы тырысып, мәреге бірінші жетуге күш салды. Тіпті 4-6 жастағы кішкентай шаңғышылар да трассаға шықты.
«Халықаралық қар күні шынымен де халықаралық жарыс. Астанада жұмыс істейтін чехиялық дипломат Хелена Магнес отбасымен бірге бұл жарысқа осымен екінші жыл қатарынан қатысып отыр. Маған жарыс ұнайды, жалпы ұйымдастырылуы және фестивальдің өзі, бұл балалар, ересектер үшін мереке сияқты, ұйымдастырушылар жоғары деңгейде өткізе біледі. Өз басым шаңғы тебуді ұнатамын, мұндай фестивальдер туған елім - Чехияда жиірек, қыста үш-төрт рет өткізіледі. Байқауымша, Астанада жыл сайын жарыстың ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны артып келеді», - деп атап көрсетті елордаға келген шетелдік қонақ.