Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі Жарасхан Ақбергенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, 25 жасар бойжеткен «Астана-Мәскеу» бағытындағы халықаралық рейске қажетті рәсімдеу жұмыстары кезінде құжат бақылау қызметіне жалған миграциялық кәртішкесін көрсеткен. «Тергеу барысында ол өзінің құжатын Қазақстанда неғұрлым ұзақ болуы үшін таныс адамынан сатып алғандығын айтты. Осы оқиғаға байланысты жүргізілген жедел-іздестіру шараларының барысында Өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен Астана әуежайының Желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері «Молодежный» шағынауданында әлгі қыздан 15 мың теңге ақша алып жатқан жерінен қаланың 42 жасар тұрғынын ұстады. Одан тағы 15 мың теңге мен төлқұжат табылды», деді тергеуші.
Іздестіру барысында жеке тұрғын үйдің жертөлесінде орналасқан мерекелік сыйлықтарды әшекейлеуге арналған кеңседен жалған құжаттар жасырылған қойма табылды. «Қоймадан есепке алу және есептен шығару қағаздарына мөр басатын мөртабан мен көптеген шетелдіктердің төлқұжаттарының көшірмелері, елге келу мен кетуді растайтын бланкілер, мекен-жай анықтамалары, Қазақстанның азаматтығынан шығуға қажетті және өзге де көптеген құжаттар табылды. Қазіргі таңда аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, алаяқ 5 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айырылуы мүмкін», деді Ж.Ақбергенов.